22 желтоқсан күні аймақтық штабтар 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алау эстафетасының облыс орталықтарындағы бағытын анықтау бойынша жұмысты аяқтады. Енді Эстафетаға қатысатын 16 Қазақстан қаласының барлығы әрбір кезеңде облыстың қандай көрікті орындары іс-шараға қатысатынын белгілеп отыр.
2017 жылдың 25 қаңтарында Астанада 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алауы тұтатылмақ. Бес күн ішінде әрбір облыс орталығында Алауды жағуға арналған өз салтанаты және Эстафетаның өз кезеңі өткізілетін болады.
Жалпы алғанда Универсиада алауы 22 500-ден астам шақырымға созылған жолды өтіп, оның 200 шақырымын алау көтерушілер жүріп өтпек. Студенттік ойындардың ресми әуетасымалдаушысы – «Эйр Астана» компаниясы алауды аймақтардан Алматыға жеткізеді. Осылайша Эстафета алауы қалған 22 300 шақырымды Алматыға дейінгі жолда өткізеді. Ал 29 қаңтарда Универсиада-2017 іс-шарасының ресми ашылуы салтанаты өтеді.
«Универсиада-2017 Эстафетасы бірегей тұжырымдамаға сәйкес өткізілмек. Ұйымдастырушылар жобаны 16 дербес бөлікке бөліп, әр облысқа іс-шараны өздеріне бейімдеуге мүмкіндік берді. Енді бізде 16 бағыт анықталды, олар бір-бірінен ерекшеленсе де, бір бүтіннің бөлігін құрайды. Осылайша Алау эстафетасы Универсиада географиясын бір қаладан тұтастай бүкіл ел ауқымына дейін кеңейтпек», – деп атап өтті «Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция» басшысы Наиль Нуров.
Әрбір облыс орталығындағы жол бағытының ұзындығы 10-12 шақырымды құрамақ, алау көтерушілердің әрқайсысы шамамен 200 метрді жүгіріп өтеді. Эстафета ең ұзақ жолды Алматыда жүріп өтеді. Мұнда алауды 100 адам 20 шақырымға созылған жол бағытында алып өтпек. Универсиада алауы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында тұтатылып, Шымбұлақ, Медеу, Балуан Шолақ атындағы сарай, білім беру орталықтары мен қаланың көрікті орындарына жеткізіліп, Универсиада ашылу салтанатының шарықтау шегінде «Алматы-Арена» стадионында өз мәресіне жетеді.
Аймақтарда ұйымдастырылатын салтанатты іс-шаралар да аса қызықты және әсерлі өтпек. Мәселен, Қарағанды облысында Эстафета екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңі Теміртауда, екіншісі Қарағандыда өткізіледі. Теміртауда өтетін Алауды тұтату салтанаты кезінде аймақтың жас мамандары жұмыс жасайтын Металлургия комбинатының домнасынан және шахта көмірінен алынған от қалалық тостағанда біріктіріледі.
Осылайша Эстафета Қазақстан облыстарының ең жақсы тұстарын көсетіп, ең бастысы, Универсиада алауын көтеретін студенттер, спортшылар мен жас ғалымдарды жұртшылыққа таныстыратын болады. Сондай-ақ, студенттік ойындар да жарнамаланатын болады, өйткені жоба міндеттерінің бірі – қазақстандықтардың көпшілігін спорт жанкүйерлері ретінде Алматыға келуге ынталандыру.
Алау эстафетасының аймақтардағы бағдарламасы:
- 2017 жылдың 25 қаңтарында Астана қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алауы тұтатылмақ;
- 26 қаңтарда Алау облыс орталықтарында, атап айтқанда, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қарағанды қалаларында тұтатылады;
- 27 қаңтарда Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында тұтатылады;
- 28 қаңтарда Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларында тұтатылады;
- 29 қаңтарда Алауды тұтату салтанаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтеді.