Алматыда Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 алауын 100 әр саланың майталмандары алып жүрді.
Алматы қаласында алғашқы эстафета алауын алып жүру рәсімі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен басталды. Ұйымдастырушылардың нұсқауы бойынша әртүрлі жоғары оқу орындарының жеті студенті жеті түрлі химиялық элементтерді бір кесеге салып, алауды қайта тұтатты. Мұндай әрекетті ежелгі гректер түрлі ғылымдардың басын біріктіреді деп есептеген. Қазақстанда да бұл үрдіске құрметпен қарайды.
Алауды алғашқы болып Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қолына алды. Қала басшысы 200 метр жерді жүгіріп өтіп, эстафетаны суға жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге табыстады.
Қала әкімі Қазақстан ТМД елдерінің арасынан алғашқы болып Универсиаданы қабылдап отырған ел екенін атап өтті.
-Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету Елбасының басты мақсаттарының бірі. Болашақ ұрпақтың білімді, рухты және тәні сау болып өсуі әрқашанда мемлекеттің назарында. Универсиаданың Алматы қаласында өтуі кездейсоқ емес. Қаламыздың үштен бірі жастар. Еліміз бойынша жоғары оқу орындары көп шоғырланған қала. Яғни 38 университетте еліміздің әрбір үшінші студенті білім алады,- деді Бауыржан Байбек.
Басшының айтуынша Универсиаданың өтуі қаланың дамуына жаңа серпін берген. Бірнеше жаңа нысандар бой көтеріп, жолдар жаңартылды. «Халык» және «Алматы» аренаға апарар жолда салынған жол айрықтар спортшылардың діттеген жеріне қиналмай жетуіне мүмкіндік беріп отыр. Ал атлеттер қалашығы қаламыздың бетке ұстар нышанына айналды.
– Универсиададан қалған барлық нысандар ел игіліне берілетін болады. Мәселен, атлеттер қалашығын Универсиадан кейін кезекте тұрған 1700 тұрғынға беретін боламыз. «Алатау» дәстүрлі мәдениет ошағы, мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, қала мұражайы және т.б. басқа нысандар қала тұрғындары мен қонақтары үшін есігін айқара ашып отыр. Шара барысында мыңдаған спортшылар, туристер және миллиардтаған телекөрермендер Алматының мыңжылдық тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен және Тәуелсіз еліміздің «алтын бесігімен» жақынырақ танысатын болады.
Эстафета алауын келесі бағыт бойынша алып жүреді: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нен Тимирязев көшесімен, Манас көшесімен – Абай даңғылы-Сейфуллин даңғылы – Төле би көшесі – Достық даңғылы – Абай даңғылы – Байтұрсынұлы көшесі – Сәтбаев көшесі – Достық даңғылымен Республика алаңында мәреге жететін болады.
Ары қарай Универсиада алауы кезең бойынша саяхатын жалғастырып «Медеу» және «Шымбұлақта» болады. 29 қаңтар күні Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанның әр қаласынан алынған 16 алау бірігіп, үлкен жалынға айналады.