25 қаңтар күні Астанада Универсиада алауын жағу салтанаты өтті. Осыдан кейін белгілі қазақстандық спортшылар көтерген Алау Астананың көшелерімен жүріп өтті.
Оңтүстік астанада Алауды алдағы дүбірлі доданың еріктілері мен ресми тұлғалары қарсы алды. Аса құнды жүкті жеткізу құрметіне алауды сақтаушы Шыңғыс Өтепбергенов және қазақстандық шаңғышы Дәулет Рахымбаев ие болды.
«Құрметті ұйымдастыру комитетінің мүшелері, бүгін елордамыз Астанада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маған құрама команданың капитаны ретінде Қазақстан Республикасының жалауын тапсырып, Универсиада Алауын тұтатуға қатысты. Алауды Алматыға жеткізу міндеті маған сеніп тапсырылды. Енді оны өздеріңізге табыстаймын», – деді «2017 жылғы Алматыдағы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция» МҚ басшысы Наиль Нуровқа алау колбасын тапсырған сәтінде Дәулет Рахымбаев.
Универсиада алауы салынған колбаны тапсырудан кейін, ол Атлеттер ауылының қақ ортасында орналасқан арнайы қоймаға жеткізілді. Колба Универсиаданың «U» әрпі түріндегі символының текшесіне орналастырылды. Алматыдағы Алау эстафетасының ақтық кезеңіне қарай осындай 16 текше Қазақстанның басқа өңірлерінде жағылған алау колбаларымен толтырылатын болады. Қазақстан студенттері бірлігінің нышанына айналған еліміздің бүкіл өңірлерінен жететін 16 алаугер Ашылу салтанаты кезінде Универсиада Алауын жағады.
«Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, Астанада Универсиада Алауын тұтату салтанаты ойдағыдай жүзеге асырылды. Біз осы салтанатты көркем түрде өткізу үшін бүкіл жан-тәнімізді салдық, нәтижесінде Астанада бәрі тамаша өтті. Алматыға Алауды жеткізген сәтте біраз толқып, үлкен жауапкершілікті сезіндім. Енді Универсиада сынды іс-шара өз елімізде өткізіліп отырғанына аса қуанып отырмын. Алға Қазақстан!», – деді өзіне сеніп тапсырылған құрметті миссияны атқарып шыққан Универсиада алауын сақтаушы Шыңғыс Өтепбергенов.
26, 27 және 28 қаңтар күндері Қазақстанның әрбір өңірінде Универсиада Алауын тұтату салтанаты және эстафетасы өтетінін естеріңізге саламыз. Өңірлерден қатысатын 16 басты алаугер қатарында бокстан әлем чемионы Дина Жоламан, ең мықты қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, олимпиада ойындарының жүлдегерлері Екатерина Ларионова, Әділбек Ниязымбетов, Жазира Жаппаркүл, Иван Дычко және т.б. белгілі қазақстандық спортшылар бар.